Мыңнан астам павлодарлық тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Мыңнан астам павлодарлық тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жауапқа тартылғандардың көбі – түнде жанжал шығарғандар мен көңілді отырыс ұйымдастырғандар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 1059 әкімшілік хаттама толтырылған. 

Мәселен, түнгі сағат 03:56-да Луначарский көшесінің тұрғындары қатты ұрыс-керістен оянған. Төменгі қабаттағы мазасыз көршілер күн сайын сөзге келіп, тыныштықты бұзған. Ұйқысыздықтан зардап шеккен жас жігіт бірнеше рет көршілерінен тыныштық сақтауды сұраған. Алайда мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаған соң, полицияға жүгінуге мәжбүр болған.

Тағы бір жағдайда, түнгі сағат 03:38-де Ломов көшесінің тұрғыны қатты музыкадан мезі болып, полициядан көмек сұраған.

– Төменгі қабаттағы көршім дәл түнде музыканы барынша қатты қосады. Бұл жағдай жиі қайталанады, тіпті жұмыс күндері де орын алады. Таңертең бәріміздің жұмысқа баруымыз керек. Мұндай жағдайда өмір сүру қиын. Сөйлесуге тырысқанда үнемі жанжал туындайды, – дейді қала тұрғыны.

Барлық фактілер бойынша полицейлер әкімшілік хаттамалар толтырып, айыппұл салды және алдағы уақытта мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Полиция қызметкерлері жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден  10:00-ге дейін тыныштық сақтау қажеттігін еске салады.