Мойылды ауылындағы зиратты жылқылар таптап кетуде

Мойылды ауылындағы зиратты жылқылар таптап кетуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоршауы жоқ зираттың ішіне кіріп кететін жануарлар қабірлердің үстімен жүрген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тұрғындардың бірі Марат Смағұлов Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековпен кездесу барысында зираттың айналасына қоршау орнатуды өтінді. 

Бұл сұрақты көтеріп келе жатқанымызға екі жыл болды. Мойылды ауылындағы мұсылмандар зиратының қоршауы жоқ. Мәселе қаржыландыруға келіп тіреледі. Осы жолы ТҮКШ бөлімінің басшысында қабылдауда болдым. Ол жерде көбінің туыстары жерленген. Жылқылар жайылып жүреді. Обал емес пе?  Жан-жағында қазылған жерде қоқыс жатады. 2025 жылы осы мәселе шешімін тапса, жақсы болар еді, – деді зейнеткер. 

Хасар Хабылбеков аталған сұрақты бюджетті нақтылау кезінде қарастыруға уәде берді.

Айта кетейік, Мойылды — қала маңындағы үлгілі ауылдардың бірі. Биыл Республика күніне орай 300 орындық К. Кенжетаев атындағы жаңа мәдениет үйі ашылды. Ауыл толығымен ауызсумен және көше жарығымен қамтамасыз етілген. Жаңа тұрғын үй құрылысы ауданында электр желілерінің құрылысы аяқталды. 2025 жылы ұзындығы 600 метр болатын Парковая көшесінің жолын жөндеу жоспарланған. Осылайша, ауылдағы жөнделген жолдардың үлесі 100% болады.