Ортақ міндет: Май ауданында ата-аналар форумында бала тәрбие мәселесі талқыланды

Ортақ міндет: Май ауданында ата-аналар форумында бала тәрбие мәселесі талқыланды
Фото: pixabay.com

Шараға 200-ге жуық ата-ана, оның ішінде қамқоршылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Май ауданында бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктерін арттыру мақсатында ІІ аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Аудан әкімі Қадылжан Сәтиев форумда «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» туралы айтып, ата-ана, мектеп және қоғамның бірлігінің маңызды екенін атап өтті.

Форумның модераторы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаев болды.

–  Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс. Форумды жалпы ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін өте маңызды шара деп санаймын. Бала тәрбиесі – біздің ортақ міндетіміз, ортақ мүддеміз. Ата-аналар форумы сияқты игі дәстүрді бастай отырып, біз дені сау ұрпақты бірлесіп тәрбиелей аламыз, оларға адамзаттың озық тәжірибесін бере аламыз, қоғамның құндылықтары мен дәстүрлерін сақтай аламыз, – деп атап өтті ол.

Форумға облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Рамазанова,балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева, полиция инспекторы Бақытжан Тұрсаринова, «Сенімен болашақ» ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының басшысы Жанарыс Хызыр және психолог Анар Жетібаева спикер ретінде шақырылды.


Спикерлер отбасылық құндылықтар, бала құқықтары, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу және есірткімен күрес секілді тақырыптарды талқылады.

Форум аясында ата-аналарды психологиялық қолдау орталығының жұмыстары таныстырылып, ата-аналарға психологиялық тренингтер өткізілді. Сонымен қатар, «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» мүшелерімен шығармашылық шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.