«Отырар сазы» оркестрі Екібастұзда өнер көрсетті
Тұрғындарға күннің суығы кедергі болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінің қолдауымен ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Нұрғиса Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі кеншілер қаласына келген.
12 желтоқсан күні Солнечный кентіндегі «Мақпал» мәдениет үйінде, 13 желтоқсан күні Екібастұз қаласының қара шаңырағы «Өнер» мәдениет сарайында «Ата толғауы» концертін өткізді.
– Екі мәдениет ошағы да көрермендерге лық толды. «Отырар сазы» оркестрі күмбірлеген әсем әуенімен әрбір көрерменге рухани байлық сыйлап, күннің сақылдаған сары аязына қарамастан, халықтың жүректеріне жылулық ұялатты, – дейді бөлімде.
Екібастұздықтар үшін дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегіндіковтың басшылығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұрғалым Аманбай, Гаухар Жұмағұлова, Балжан Жүнісова өнер көрсетті.
Сонымен қатар, жерлестеріміз Құрманғазы қазақ ұлттық консерваториясының түлектері және Халықаралық конкурстардың лауреаттары Сырым Шонбаев пен Дастан Қазкенов, Естай атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары Сәуле Оразалина және Қайрат Тоханұлы «Отырар сазы» оркестрімен бірге Нұрғиса Тілендиевтің «Күй тартысын» орындады.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала тұрғындары керемет күйге бөленді, ұлы дала сазына сүйсінген халық алғыстарын білдіріп, тамаша көңіл күймен тарқады.
Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі Қазақ филормониясы жанынан 1980 жылы құрылған. Оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Нұрғиса Тілендиев басында шағын ансамбль ретінде ұйымдастырып, 1982 жылы оркестр санатына көтерген. Оркестрдің құрамында домбыра мен қобыздан басқа қазақтың жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, т.б. саз аспаптары бар.