Павлодар қаласының жылу-электр орталықтары жылыту маусымына дайын

Павлодар қаласының жылу-электр орталықтары жылыту маусымына дайын
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы арнайы комиссия жүргізген тексеру қорытындысы бойынша белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Комиссия құрамына қала әкімі Хасар Хабылбеков, ҚР Энергетика министрлігі атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті басшысының орынбасары Данияр Смағұлов және «Павлодарэнерго» АҚ өкілдері кірді. Тексеруді «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель басқарды.

Күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық барысында екі станцияда да ауқымды жұмыстар жүргізілді.

– ЖЭО-2-де №2 қазандық агрегатына және ЖЭО-3-те №4 қазандық агрегаты мен №1 турбиналық агрегатына күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Сондай-ақ ЖЭО-3-те №6 қазандық және №6 турбиналық агрегаттарында, ЖЭО-2-де №3 қазандықта күрделі жөндеу аяқталуға жақын. ЖЭО-3-те №2 қазандықта және ЖЭО-2-де №3 турбиналық агрегатында кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. ЖЭО-2-де №1 қазандықтағы жөндеу жалғасуда. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес, уақытылы аяқталады. Станцияларда қыс мезгілінде жылу мен электр энергиясын тұрақты өндіру үшін қажетті көмір және басқа да ресурстар қоры жинақталған, – деді «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметі.

Комиссия тексеруінің нәтижесі көрсеткендей, жоспарланған барлық жұмыстар мерзімінде және сапалы орындалған. Бұл ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 алдағы жылыту маусымында Павлодар тұрғындарын жылумен және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге толықтай дайын екенін растайды.