Павлодар әкімі апатты үйдің шатырын жөндеуге көмектесуге уәде берді

Павлодар әкімі апатты үйдің шатырын жөндеуге көмектесуге уәде берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Пәтер иелерінің жартысынан астамы жөндеуге қаржы жинауға келісім берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындарды қабылдау барысында көпқабатты үйдің шатырын жөндеу және пәтер иелері кооперативінің жұмысына қатысты шағымды тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, шатыр апатты жағдайда тұр. Пәтер иелері қажетті соманың 55 пайызын жинағанымен, қалған қаражатты жинау және ПИК тарапынан қолдау табу қиынға соққан.

Қала басшысы тұрғындардың өз үйін жаңғыртуға белсене қатысу бастамасын қолдап, мәселені заңды түрде шешу жолын түсіндірді.

– Тұрғындардың 55 пайызы келісімін бергені – жақсы көрсеткіш. Өз үйлеріңіздің жағдайына алаңдап, шатыр мен желілерді жаңғыртуға қатысуға дайын болғандарыңыз қуантады. Бұндай бастамаларды әрқашан қолдауға дайынбыз, – деді Хасар Хабылбеков.

Әкім мамандарға демалыс күндері тұрғындардың жалпы жиналысын ұйымдастыруды тапсырды. Жиында тұрғын үй заңнамасы түсіндіріліп, хаттама толтырылады. Егер пәтер иелерінің 51 пайыздан астамы дауыс беріп, мақсатты жарна жинау туралы шешім қабылдаса, бұл жұмыстар заңды түрде ресімделеді.

Сонымен қатар, қала әкімі «Багрод» ЖШС ПИК төрағасының жұмысына көңілі толмаған тұрғындарға жалпы шешім қабылдау арқылы бұл ұйымды басқа қызмет көрсетуші компанияға ауыстыруға құқылы екенін де атап өтті.