Павлодар әкімі тұрғын үйді жөндеген мердігерді сотқа беруді қарастырады
Қала тұрғындары Хасар Хабылбековке үйді жаңғыртудан кейінгі кемшіліктердің жойылмағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар әкімі Хасар Хабылбеков көшпелі кездесу барысында көпқабатты үй тұрғындарының шағымдарын тыңдады. Олар үйді жаңғырту кезінде жіберілген кемшіліктерді мердігер әлі күнге дейін түзетпегенін жеткізді.
Тұрғындардың айтуынша, анықталған ақаулар арнайы актіге енгізіліп, мердігерге оларды 30 шілдеге дейін жоюға уақыт берілген. Кейін компания өкілі жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтауға уәде еткен. Алайда содан бері байланысқа шықпаған.
– Бұл мәселені өз бақылауыма аламын. Мердігерді табуға тырысамыз. Егер байланысқа шықпаса, кемшіліктерді сот арқылы түзетуге міндеттейміз. Кепілдік мерзіміне алаңдамаңыздар. Сот талқылауы кезінде оның мерзімі тоқтатылады. Қалай болғанда да бұл мәселені шешеміз, – деді Хасар Хабылбеков.
Тұрғындар жөндеу жұмыстарының сметасын көрсетуді де сұрады. Жауапты қызметкерлер құжатты келесі күні ұсынуға уәде берді.
Кездесуде ауладағы қауіпті ағаштар мен жол қауіпсіздігі мәселелері де көтерілді. Тұрғындар ағаштарды кесуді, жылдамдықты бәсеңдететін жасанды жол кедергісін орнатуды және асфальт жабындысын жөндеуді өтінді.
– Ағаштарды кесу үшін тұрғындардың кемінде 51 пайызының қолын жинау қажет. Қай ағаштарды кесу керектігін көрсетсеңіздер, жұмыстарды жүргіземіз. Ал қауіпті бұтақтарды ертең-ақ алып тастауға болады. Жасанды жол кедергісін келесі аптада орнатамыз. Асфальтты тексеріп, жөндеуді келесі жылдың жоспарына енгіземіз, – деді қала әкімі.
Кездесу соңында тұрғындардың бірі қаладағы тазалық жұмыстарына оң бағасын беріп, әкімге өтініштерге назар аударғаны үшін алғыс айтты.