Павлодар алюминий зауытында қауіпсіздік жаттығулары

Павлодар алюминий зауытында жарақат алу жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда тоғыздан бірге дейін азайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұнда ең басты құндылық – жұмысшылардың денсаулығы. Кәсіпорында аймақтағы және ERG компаниясындағы ең алғашқы тәжірибелік оқыту орталығы жұмыс істейді. Бұл жерде қызметкерлер биіктікте, тар және қауіпті кеңістікте, сондай-ақ ауыр еңбек жағдайларында қауіпсіз жұмыс істеуді үйренеді. Биыл орталыққа жаңа жаттықтырғыш – тайғақ беттердің симуляторы орнатылды. Бұл, әсіресе, көктайғақ маусымында өзекті.
Кәсіпорынға келген әрбір қонақтың сапары «Жасыл үйден» басталады – зауыт қызметкерлері еңбек қауіпсіздігі бөлімінің ғимаратын осылай атайды. Мұнда қонақтарға кәсіпорында өзін қалай ұстау керектігі түсіндіріліп, каска, қорғаныш көзілдірігі мен қызғылт сары жилет беріледі. Алғашқы қадамдардан-ақ зауыттағы қауіпсіздікке деген көзқарас ұран емес, өмір салты екені байқалады.
– ERG компаниясында өндірістік бақылаудың төрт деңгейі бар: бригададан бастап, учаске, цех және зауыт деңгейіне дейін. Персоналды оқытуға ерекше мән беріледі – тек теория жүзінде емес, тәжірибелік тұрғыдан да, – дейді Павлодар алюминий зауытының директоры Айтуған Ахметов.
ERG-дің өз корпоративтік университеті бар, онда қызметкерлер кәсіби біліктілігін арттырып, өндірістегі қауіпсіздік негіздерін үйренеді. Ал теориялық білімді тәжірибемен бекіту үшін Павлодар алюминий зауытында еңбек қауіпсіздігі полигоны құрылған. Оны зауыт мамандары өз күшімен жобалап, елде баламасы жоқ ерекше жаттықтырғыштар жасаған.
– Талдау көрсеткендей, жарақаттардың көбі биіктікте жұмыс істеу кезінде болады. Сондықтан ең алғашқы оқу кешені осы бағытта жасалды. Кейін жабық кеңістікте жұмыс істеудің де қауіптері көп екенін анықтадық. Гидрометаллургияда бак аппараттары көп, ал энергетика саласында мыңнан астам құдық бар. Мұндай жерлерде жұмыс істеу үшін арнайы дағдылар қажет, оларды еш жерде үйретпейді. Сол себепті біз жабық кеңістікте жұмыс істеуге арналған жаттықтырғышты жасадық, – дейді Айтуған Ахметов.
Үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері кабинадан түскенде құлап, аяғын жарақаттап немесе бас сүйек-ми жарақатын алуы мүмкін. Бұл қауіптің алдын алу үшін полигонда кабинадан дұрыс және қауіпсіз түсуге арналған жаттықтырғыш бар. Мұнда жүргізушілер қозғалысты автоматизмге дейін жетілдіріп, жарақат алу қаупін азайтады.
Келесі өзекті мәселе – тайғақ беттер. Бұл проблема жыл бойы кездеседі: жаңбырда да, көктайғақта да, қарда да. Мұндай жарақаттар көбіне өндірістік жарақат санатына жатпайды, бірақ зауыт басшылығы қызметкерлердің қауіпсіздігін ойлап, осы жылы тайғақ беттер симуляторын іске қосты. Мұнда жұмысшылар тайғақ жермен дұрыс жүруді үйренеді. Мұнда жұмысшылар тайғақ бетпен дұрыс жүру тәсілін үйренеді – әйтпесе кинодағыдай болып кетуі мүмкін: «тайып жығылды, есінен танды, есін жиғанда – қолында гипс».
2026 жылы полигонда жаңа жаттықтырғыш пайда болады – мұнда электриктер жоғары кернеумен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіре алады. Арнайы контейнер-бокс орнатылып қойған. Бұл жабдық Қазақстан бойынша алғашқысы болмақ.
– Егер өткен жылғы жарақат көрсеткішін қазіргімен салыстырсақ – айқын төмендеу байқалады. Былтыр тоғыз жағдай тіркелсе, биыл тек бір ғана оқиға болды. Бұл – оқытудың нәтижесі. Себебі кез келген жарақат көбіне адамның өз іс-әрекетіне байланысты. Полигон тек дағды емес, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырады, – дейді зауыт директоры.
Жыл сайын бұл полигонда мыңдаған жұмысшы еңбек қауіпсіздігі бойынша оқудан өтеді. Ең алдымен алюминий өндірісі қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың мамандары қатысады. Бұл полигон ERG компаниясындағы жалғыз орталық болғандықтан, мұнда Қазақстан электролиз зауытының, ERG Service және басқа да ұйымдардың қызметкерлері дайындалады. Келісім бойынша аймақтың кез келген кәсіпорны өз жұмысшыларын осында тәжірибеден өткізе алады.
Одан әрі Қазақстан электролиз зауытында алюминий өндіруге пайдаланылатын глинозем, Павлодар алюминий зауытында сілтілі ерітінділерді пайдалана отырып, «параллельді Байер-спекание» деп аталатын ерекше схема бойынша шығарылады. Бұл технологияда сілті ерітінділері қолданылады, ал сілтінің теріге тиюі адамды лезде күйікке ұшыратады. Бұрын мұндай жағдайлар, тіпті, өліммен аяқталған кездер болған. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі қызметі мәселені кешенді түрде шешуге кірісті. Сілтінің қолданылуын жою мүмкін емес, себебі ол өндіріс процесінің ажырамас бөлігі. Сондықтан сілті ағуының алдын алу үшін үлкен жұмыс атқарылды – құбырлар мен сорғылардың жоспарлы-профилактикалық жөндеу жүйесі жаңа деңгейге көтерілді.
Келесі маңызды қадам – жеке қорғаныс құралдарын жетілдіру болды. Комбинезондарға арналған маталарға тәжірибелік сынақтар жүргізілді. Нәтижесінде қорғаныш пен жайлылық арасындағы тепе-теңдік табылды. Енді зауытта Қазақстанда баламасы жоқ арнайы матадан тігілген киімдер қолданылады. Әрине, сілтіге «шомылуға» болмайды, бірақ ол теріге тиген
жағдайда жұмысшы қорғаныш киімін тез шешіп үлгеріп, күйік алудан сақтана алады. Сонымен қатар қызметкерлерге күрделі жағдайда өзін ұстау ережелері үнемі үйретіледі.
Алюминий дивизионының еңбек және өнеркәсіп қауіпсіздігі директоры Николай Юферов компанияда 2002 жылдан бері еңбек етеді. Ол өз жолын агломерация цехындағы екінші разрядты ұнтақтаушы болып бастап, кейін шебер, бөлім бастығы, одан соң Қазақстан электролиз зауытының еңбек қауіпсіздігі қызметінде жұмыс істеген. 2018 жылы «Қазақстан алюминийі» компаниясына еңбек қауіпсіздігі бөлімінің басшысы ретінде оралған. Қазір оның қарамағында 40-тан астам адам еңбек етеді.
Николай Юферовтың пікірінше, жақсы еңбек қауіпсіздігі маманы болу үшін тек жоғары оқу орнын аяқтау жеткіліксіз, бұл жерде өндірістік тәжірибе де қажет.
– Әдетте бізге студенттер алдымен өндірістік бөлімшелерге келеді. Жұмысшы мамандықтарын игеріп, өз қолдарымен өндірістегі қиындықтар мен қауіптерді сезінеді. Содан кейін ғана еңбек қауіпсіздігі қызметіне ауысады. Сондай-ақ барлық шеберлеріміз міндетті түрде еңбек қауіпсіздігі бөлімінде тағылымдамадан өтеді. Онда олар инженердің нақты тәжірибесін меңгереді, – дейді ол.
«Қазақстан алюминийі» компаниясында еңбек жағдайын жақсарту ісіне барлық қызметкерлер белсенді қатысады. ERG компаниясының барлық кәсіпорындарында Qollab мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Онда жұмысшылар, басшылар және бөлімдер арасында тікелей байланыс орнатылған. Осы қосымша арқылы зауыт қызметкерлері жабдықтардағы ақаулар туралы хабарлап, ұсыныстар енгізеді, олардың басым бөлігі еңбек қауіпсіздігін жетілдіруге бағытталған.
Сонымен қатар, ауысым қабылдау процесі цифрландырылды. Бұрын қағаз журналға жазылған ескертулер енді Qollab қосымшасындағы «Критикалық тәуекелдерді бақылау» функциясы арқылы тіркеледі. Бұл қабылдау процесін тиімді, ашық және жедел етті.
Николай Юферовтың айтуынша, жұмысшы ауысымға келгенде, смартфоны арқылы Qollab қосымшасында өз мамандығына арналған 10-12 сұрақтан тұратын чек-парақты толтырады. Мысалы: «Менің конвейерімде қорғаныш қалқаны бар ма – иә/жоқ», «Пештің салқындату жүйесі дұрыс жұмыс істей ме – иә/жоқ». Егер бір жерде «жоқ» деп белгіленсе, бұл ақпарат бірден басшылыққа және еңбек қауіпсіздігі қызметіне түседі, тиісті шаралар қабылданады.
Рационализаторлық ұсыныстарды енгізу де әлдеқайда тиімдірек бола түсті. Qollab қосымшасы арқылы жұмысшылар өз идеяларын «Идеялар фабрикасына» жібереді. Мамандыр оларды талдап, әзірлеп, іске асырады.
– Көптеген пайдалы ұсыныстар түсіп жатады, – дейді Николай Юферов. –Мысалы, кәсіпорында қауіпсіз қозғалыс бағыттарын белгілеу жөнінде. Біздің мәліметтеріміз негізінде орталық кеңсе «Қауіпсіз маршрут» жобасын іске қосты. Енді қызметкерлер зауыт аумағында және цех ішінде арнайы бағыттармен жүреді. Бұл – өндірістік нысан болғандықтан, қауіпсіздікті сақтау өте маңызды. Тіпті трамвай аялдамасына дейінгі жол да есепке алынды – сол жерге де қауіпсіз жаяу жол салынды.
Николай Юферовтың айтуынша, апаттың алдын алуда ауысымдық жиналыстар да ерекше рөл атқарады. Әр шебер күн сайын өз жұмысшыларымен кездесіп, тапсырма беріп қана қоймай, қауіпсіздік ережелерін қайта еске салады. Бұл қарапайым көрінгенімен, күн сайын қайталану арқылы санаға сіңеді. Су тамшысы тасты теспек – еңбек қауіпсіздігі де дәл осылай біртіндеп мәдениетке айналуда.