Павлодарда балаларға қатыгездік көрсеткен тәрбиешіге үкім шығарылды
Сот анықтағандай, мектепке дейінгі мекеме қызметкері кіші топ тәрбиеленушілеріне жүйелі түрде күш қолданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қылмыстық істі облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 33 жастағы әйел балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін жүйелі түрде бұзған.
Соттағы қарауға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар себеп болған. Онда балабақша қызметкерінің балалардың шашынан тартып, бетінен, арқасынан ұрып, итергені көрінеді.
Мәселен, орындықта отырған қыздардың бірінің аяқ киімін жұлып алған кезде бала құлап, басын орындыққа соққан. Оның жылағанына қарамастан, тәрбиеші оны сүйреп шкафқа апарып, дөрекі түрде киіндірген. Ал сол сәтте жанынан өтіп бара жатқан балабақшаның басқа қызметкерлері жағдайға ешқандай реакция білдірмеген.
Нәтижесінде мектепке дейінгі мекеме қызметкеріне (үш баланың анасы) төрт жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, үкім бес жылға кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар, ол үш жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.