Павлодар ауданындағы ауылдар сапалы ауызсумен қашан қамтылады?
Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев Новоямышево ауылындағы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан сорғы станциясының жұмысымен танысты.
– Соңғы екі жылда Набережное, Новочерноярка және Жаңа қала ауылдарындағы сорғы станцияларына жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, Заря ауылындағы жабдықтардың бір бөлігі ауыстырылды. Қазіргі уақытта облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы және қолдауымен Новоямышево ауылындағы сорғы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, – деді аудан әкімі.
Жаңғырту нәтижесінде су тазарту көлемін секундына 18 текше метрден 24 текше метрге дейін арттыру жоспарланған. Бұл орталық су құбырының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаны қолға алған «Альтаир-ПВ» ЖШС директорының орынбасары Асқар Жұмажановтың айтуынша, қазіргі уақытта жұмыстың негізгі бөлігі аяқталған.
– Жұмыстар шамамен 80-85 пайызға аяқталды. Жалпы алғанда, негізгі жұмыс аяқталуға жақын. Келесі аптаның басында су беруді бастаймыз деп ойлаймын, – деді Асқар Жұмажанов.
Маманның айтуынша, жаңғырту барысында су тазарту жүйесінің негізгі контуры диаметрі 110 миллиметрлік құбырмен жүргізілген. Су бірден бес сүзгіге бағытталып, кейін коллекторға түсіп, механикалық жолмен тазартылады.
Станцияда жаңа мембраналар да орнатылады. Олар суды барынша сапалы тазартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, судың минералдану деңгейін реттеуге арналған жүйе қарастырылған.
Айта кетелік, Павлодар ауданындағы Достық ауылында су құбыры желілерін қайта жаңғырту және салу жобасын іске асыру жоспарланған. Орта мерзімді перспективада Розовка, Маралды және Чернорецк ауылдарында да осындай жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Осылайша, ауданда тұрғындарды қажетті инфрақұрылыммен, соның ішінде сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді.