Павлодар ауданында көктем аруы анықталды

Павлодар ауданында көктем аруы анықталды
Суретті Заман тынысы газеті ұсынды

«Көктем аруы – 2025» сұлулық пен шығармашылық сайысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кемеңгер ауылындағы аудандық мәдениет үйінде «Олжа» жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткізілген сайысқа ауданның жеті мектебінен 14-18 жас аралығындағы сегіз ару қатысты.

Сайыс 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды.

–    Қатысушылар өздерін таныстырып, халқымыздың салт-дәстүрлері бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен қоса ұлттық тағамдар дайындап алып келді және өнер көрсетті, – дейді орталықтың директоры Заур Совет.

Орталық басшысының айтуынша, екі жыл қатарынан өткізілген жарысқа биыл тек мектеп оқушылары қатысқан. Қатысушылар салт-дәстүрлер бойынша дайындалып, сайыс кезінде экрандағы сандарды таңдап, түскен сұраққа жауап берген.

Жаңа қала ауылының оқушысы Гүлнұр Дүйсембай Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды Кеңес ауылдық округінен Күнсұлу Мусай, екінші орынды Кемеңгер ауылының аруы Жанель Закарьянова иеленсе, үшінші орында Кеңес ауылдық округінің аруы Айсұлу Ахмет қанжығасына байлады.

Жеңімпаздарға микротолқынды пеш, мультипісіргіш, блендер табысталды. Сонымен қатар барша қатысушыларға естелік сыйлықтар берілді.