Павлодар ауданында суармалы жер көлемі ұлғайтылуда
Жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының дамуымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Andas Agro» ЖШС-нің өндірістік жоспарлары туралы кәсіпорынның құрылтайшысы Зейнолла Сәлменбаев айтып берді. Кәсіпорын 2020 жылы құрылған. Бүгінде шаруашылықтың жалпы жер қоры 7 388,3 гектарды құрайды. Оның 3 960 гектары – суармалы жер. Кәсіпорын өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бағыттарын қатар дамытып келеді.
2026 жылы шаруашылықтың егіс алқабы 2 120 гектарды құрайды. Оның 1 220 гектарына картоп, 500 гектарына сүрлемдік жүгері, 200 гектарына жоңышқа және тағы 200 гектарына сәбіз егілген. Жалпы өнім көлемі шамамен 68 200 тонна болады деп күтілуде.
Кәсіпорынның негізгі басымдықтарының бірі – суармалы егіншілік көлемін одан әрі ұлғайту. Биыл шаруашылық 300 гектар суармалы жерді айналымға енгізіп жатыр. Бұл мақсатқа 400 миллион теңге қарастырылған. Ал 2027 жылы тағы 614 гектар жерді игеру жоспарлануда. Бұл кезеңге 700 миллион теңге инвестиция салынады.
Осылайша, екі жыл ішінде жаңадан игерілетін суармалы жер көлемі 914 гектарға артпақ.
– Шаруашылығымызда шамамен төрт мың гектар суармалы жер бар. Қазір тағы да құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы осы кезеңді аяқтаймыз. Одан кейін де әрі қарай кеңейту жоспарымыз бар, – деді Зейнолла Сәлменбаев.
Кәсіпорын өсірілген өнімді сақтау мүмкіндіктерін де кезең-кезеңімен арттырып келеді. Қазіргі таңда көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы 65 мың тоннаны құрайды. Оның 60 мың тоннасы желдету жүйесімен жабдықталған қоймаларға, тағы бес мың тоннасы тоңазытқыш қоймаларына тиесілі.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, заманауи сақтау инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі ең алдымен көкөніс өндірісінің көлемі артуына байланысты туындаған.
– Бұрын өнімді сақтайтын қуатымыз жеткіліксіз болды. Тоңазытқыштар іс жүзінде болған жоқ. Сондықтан жаңа қоймалар, оның ішінде тоңазытқыш камераларын сала бастадық. Қазір сақтау қуатымыз 65 мың тоннаға жетті, – деді ол.
«Andas Agro» қызметінің тағы бір бағыты – сүтті мал шаруашылығы. Сүт-тауар фермасында 1 498 бас ірі қара бар. Жобаның құны шамамен жеті миллиард теңгені құрайды.
Қазір ферма шамамен 50 пайызға ғана жүктелген. Шаруашылықта мал басын, оның ішінде жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алу арқылы одан әрі көбейту жоспарланып отыр.
Бүгінде бір сиырдан тәулігіне орта есеппен 33 литр сүт сауылады. Шаруашылық басшысы бұл көрсеткішті әрі қарай өсіруге жақсы негіз деп санайды.
– 33 литр – жақсы көрсеткіш, бірақ біз үшін әзірге жеткіліксіз. Бізде білікті мамандар бар, жігіттер жақсы жұмыс істеп жатыр. Сондықтан көрсеткіштерді одан әрі арттырамыз, – деді Зейнолла Сәлменбаев.
Сүт өндірісін одан әрі дамыту үшін кәсіпорын асыл тұқымды мал сатып алып жатыр. Жақын арада Даниядан мал жеткізіледі деп күтілуде. Кәсіпорын басшысының айтуынша, алғашқы партия 21 қыркүйекте, тағы бір партия қазан айында келуі тиіс. Сонымен қатар, шаруашылық өз төлін де пайдалануды жоспарлап отыр.
Жобаны қаржыландыру кәсіпорынның өз қаражаты және несие ресурстары есебінен жүзеге асырылуда. Мәселен, Аграрлық несие корпорациясы арқылы алынған 2,6 миллиард теңге сүт-тауар фермасын салуға бағытталған.
Алдағы уақытта шаруашылық жобалық қуатына толық шығып, шамамен 1,5 мың сауын сиыр ұстауды жоспарлап отыр.
«Andas Agro» кәсіпорнының дамуы аграрлық өндірістің кешенді тәсілін көрсетеді. Шаруашылық бір мезгілде суармалы жер көлемін ұлғайтып, көкөніс өсіру көлемін арттырып, оларды сақтауға арналған заманауи қоймаларды дамытып, сүтті мал шаруашылығын жолға қойған. Бұл ретте, суармалы егіншілікті кеңейту шаруашылықтың және жалпы Павлодар ауданының аграрлық секторын дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров барған тағы бір кәсіпорын – «Родник» шаруа қожалығы. Биыл шаруашылыққа ауа райының қолайсыздығы әсер етті. Жаз ыстық әрі құрғақ болды.
«Родник» ШҚ басшысы Геннадий Андрейцевтің айтуынша, егінді сақтап қалуға жаңбырлатып суару техникасы көмектескен. Шаруашылықта қолданылатын суару жүйелерінің бірінің ұзындығы 850 метрді құрайды.
242 гектар алқапқа сәбіз, картоп, қызылша, қырыққабат және пияз егілген. Шаруашылық негізінен голландиялық селекцияның сорттарын пайдаланады. Қазіргі уақытта өнімнің шамамен 40 пайызы жиналды.
«Родник» шаруа қожалығы сегіз мың тоннадан астам көкөніс пен картоп жинауды жоспарлап отыр. Өнімнің бір бөлігін шаруашылық Павлодар қаласындағы өзінің екі дүкені арқылы тұрғындарға әлеуметтік бағамен сатады. Сонымен қатар көкөністер Алматы, Шымкент қалаларына, Жамбыл облысы мен Таразға көтерме сатып алушыларға жеткізіледі.
Қазіргі таңда сәбіздің бағасы келісі үшін 110-120 теңге, картоп – 100-110 теңге, қызылша шамамен 110 теңгеден сатылуда.
Жалпы, 2026 жылы өңірде 1,7 млн гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған.