Павлодар ауданының ауыл тұрғындары елді мекеннің болашағына алаңдаулы
Ефремовка ауылы жаңғыртылатын ауылдардың қатарына кірмейтіндіктен, тұрғындар облыс әкімінен көңіл бөлуді сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл мәселені Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Павлодар ауданы тұрғындарымен кездесуінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, Ефремовка ауылынан Светлана Шин көтерді.
– Өңірімізде көптеген ауылдар жаңғыртылып жатыр. Солардың қатарында Ефремовка болмағаны өкінішті. Ауылымыз соңғы жылдары жақсы дамыды. Шаруа қожалығы пайда болды. Егінмен айналысуда. Қазір біздің мектеп тірек мектепке айналды. 6 ауылдың баласын біздің мектепке әкеледі. Заңғар ауылынан да балалар әкеледі, өйткені онда орыс сыныптары жабылып қалған. Бұл біздің ауылды дамытуға себеп болады, – деді Светлана Шин.
Одан бөлек, Свтелана Шин ауыл аумағындағы асфальттың ұзындығы небары 1,2 км құрайтынын айтты. Сондай-ақ ауылдағы спорт кешенін жөндеуге қатысты да өтініш білдірді.
– Ауылымыз неге осындай күйде қалғанын түсінбеймін. Ауылдағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаржы бөлуді және 2024 жылы асфальттауды сұраймын. Оған қоса, биыл бізде спорт кешеніне жөндеу жасамақ. Оған еденді ауыстыру жұмыстары кіреді. Оның еденін қанша жыл бойы жөндеп келеді. Бір заманауи дұрыс еден жасайтын кез келген сияқты, – деді Светлана Шин.
Облыс әкімі Асайын Байханов ауылдарды жаңғырту мемлекеттік бағдарлама екенін, тізімге енбеген елді мекендерге облыс тарапынан көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Ауылдары үшін тұрғындардың осылай алаңдауы мені қуантады. Жаны ашып, осындай патриотизммен қараса, ол ауылдың болашағы зор деп ойлаймын. Сіздердің ауылдарыңыз тізімде болмаса, біз сіздердің ауылдарыңызға назар аудармай жатырмыз деген сөз емес. Тек ерекше назар аударатын ауылдар бар. Жыл сайын өсіп жатқан ауылдарға облыстық бюджеттен міндетті түрде қаржы құямыз, – деді Асайын Байханов.
Облыс кәкімі ауылдың мәдениет үйін жөндеуге қатысты құжаттар дайын болса, облыстық бюджеттен қаржы бөлуге дайын екенін айтты.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жергілікті шенеуніктерге спорт кешенінде заманауи тартанды жабындысы бар еден төселетіні жөнінде тұрғындарға түсіндіру жүргізуді тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін аталған кездесуде облыс әкімі Павлодар ауданын облыстың басты азық-түлік белдеуі ету мақсаты бар екенін айтқанын хабарлаған болатынбыз.
Оразбек Саяхат