Павлодар ауданының ауылдық клубына жаңа ұлттық аспаптар сыйға тартылды
Өнерлі жастарды қолдау мақсатында бірнеше ауылдық клубқа сапасы мықты 25 жаңа домбыра табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Николай Дычконың айтуынша, бұдан бөлек, ауыл клубы даңғыра, асатаяқ, саз сырнай, шаңқобыз, дарбұқа, жетіген сынды ұлттық аспаптармен толықты.
– Ауылдық жерлерде таланттары әлі де таныла қоймаған өнерлі жастар жетерлік. Ауданда заманауи үлгіде салынған музыкалық мектеп те бар. Кез келген мемлекеттің ертеңі – өскелең ұрпақ. Әсіресе, елдің, ұлттың болашағы әрине, ең бірінші дарынды, өнерлі, білімді, интеллектуалды және зерделі ұрпақтың қолында! Сондықтан біз өнерлі жастарды қолдау мақсатында сапасы мықты домбыра, шаңқобыз, жетіген секілді ұлттық аспаптарды аудан клубтарына тарту еттік, – дейді Николай Дычко.
Аудан әкімі бұл аспаптар арқылы болашақта аудандағы жас дарындар өздерінің таланттарын, шығармашылық әлеуетін көрсетіп, республикалық, халықаралық өнер сайыстарында топ жарып шығатынына сенімді.
Келешекте үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрып, көптеген халықаралық конкурстарда қазақтың ұлттық аспаптарымен өнер көрсету ойда бар.
Алтынбек Мұқышев