Павлодар командасы ел чемпионатында жалпыкомандалық есепте екінші орын алды
Шығыс Қазақстан облысында өткен республикалық жарыста өңір спортшылары бірнеше дисциплина бойынша жүлде иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Риддер қаласындағы Үлбі өзенінде спорттық туризмнен Қазақстан Республикасының чемпионаты және туристік көпсайыстан Қазақстан Республикасы Кубогының V кезеңі өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген үздік командалар қатысты.
Өңір намысын қорғаған «Павлодар» командасы бірнеше кезеңде жүлделі орындарға ие болды.

– Спортшылар «Слалом» дистанциясында күміс медаль жеңіп алды. «Құтқару жұмыстары» кезеңінде қола жүлдеге қол жеткізіп, «Ралли» дистанциясында тағы да күміс жүлдені иеленді, – деді басқармада.
Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша павлодарлықтар «Юниорлар» санатында жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.
Жарысқа қатысушы Даниил Фисаактың айтуынша, әрбір кезең спортшылардан жоғары дайындық пен төзімділікті талап еткен.
– Күрделі дистанциялардан өту кезінде командаластардың өзара сенімі мен қолдауы үлкен рөл атқарды. Жоғары нәтижеге жетуімізге осы ұйымшылдық көмектесті, – деді спортшы.
Мамандардың пікірінше, бұл нәтиже спортшылардың жүйелі дайындығы мен командалық жұмысының жемісі. Павлодарлық туристердің жетістігі өңірдегі спорттық туризмнің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.