Павлодар мұнай-химия зауытына қатысты қылмыстық тергеу ашылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық істі бірнеше бап бойынша қарастырып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков мәлім етті.
– Ұлттық қауіпсіздік комитеті ПМХЗ бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Іс ҚР КК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды <…> қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу), 197-бап (Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау), 214-бап (Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет) бойынша қарастырылуда, – дейді Марлен Сламбеков.
Одан бөлек, биыл Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай лауазымдық өкілеттігін асырғаны үшін 3,5 жылға сотталып кеткен.
Еске сала кетейік, прокурорлар Екібастұзда жылыту маусымына жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тергеуді аяқтады. Істі сотқа жіберетін болады.
Фото: Константин Шелков