Павлодар облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Павлодар облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
Фото: Валерий Бугаев

Бұл қызметке эколог келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орынбасары қызметін Әйгерім Қабылтаева иеленді. Аймақ басшысы Асайын Байханов аппарат отырысында жаңа орынбасарын таныстырды.

– Әйгерім Қабылтаева облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану, экология және су ресурстары, ветеринария, жер қатынастары басқармаларына жетекшілік ететін болады. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, Әйгерім Қабылтаева 1984 жылы Екібастұз қаласында дүниеге келген. 2005 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Химия» мамандығы бойынша, 2010 жылы «Экология» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.

2021 жылдан бастап жаңа тағайындалғанға дейін жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасын басқарды. Еңбек жолын 2006 жылы аудармашы болып бастаған. Осы жылдар ішінде Павлодар облысы бойынша экология департаментінде табиғатты пайдалануды реттеу бөлімінің бас маманы, басқарма бастығы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.