Дизель отынына ең төмен баға Павлодар облысында
Аграрлы аудандар науқанға дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында аймақтың көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы айтты.
Оның сөзінше, 2023 жылы болжамды егіс алқабы 1 619 мың га құрайды. Бұл – дәнді, жемшөп және картоп дақылдарын кеңейту есебінен өткен жылдың деңгейінен 49,9 мың га немесе 3% артық.
– Дәнді дақылдар – 963 мың гектар, майлы дақылдар – 288 мың гектар, жем-шөп дақылдар 332 мың гектарды құрайды. Картоп – 30 мың гектар, көкөніс пен бақша дақылдары – 9900 гектар, – деді Марат Ақтаев.
Басқарма басшысының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникалары 98 пайызға дайын. Көктемгі егіс жұмыстарына барлық үлгідегі 2875 трактор, 1794 соқа, 1015 қопсытқыш, барлық түрдегі 6606 тырма, 4123 сепкіш және 243 егіс кешені жұмылдырылады.
Ал көктемгі дала жұмыстарын өз деңгейінде өткізу үшін ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арзандатылған дизель отынын бөлуге өтінімдер қабылдауда.
– Республика бойынша дизель отынының ең төмен бағасы Павлодар облысында. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының бір тоннасы 228 мың теңгені немесе литріне 191 теңгені құрайды. Бұл – нарықтық құнынан 39 теңгеге арзан. Қазіргі таңда 10,4 мың тоннаға өтінім берілді, 6,2 мың тонна немесе 59% төленді, 4,3 мың тонна жөнелтілді, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, көктемгі дала жұмыстарын ағымдағы жылдың 3 маусымына дейін аяқтау жоспарланған. Облыстағы проблемалық мәселелерді шешу үшін көктемгі дала жұмыстарын өткізуге дайындық кезінде жедел штаб құрылды.