Павлодар облысы тасқын қаупі төмен өңірлер қатарына кіреді

Ел бойынша су тасқыны қаупі жоғары және төмен аймақтар аталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамының жаңартылған деректерін ұсынды.
Ол наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтіліп отырғанын әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп түсетінін атап өтті. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
– Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі, – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.
Оның айтуынша, өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса, «Қазгидромет» ескертулерді екі-үш тәулік бұрын хабарлайды.