Тереңкөл ауданында кейбір жолдар сапасыз салынды
Мердігер өз қаражаты есебінен ақауларды жойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тереңкөл ауданында жол жөндеу жұмыстары аяқталуда. Биылғы маусымда 22 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Олардың басым бөлігі – ауылішілік және кіреберіс жолдар.
Мердігер ұйымдар Юбилейное, Осьмерыжск және Қарасуық ауылдарына баратын 3 кірме жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алтай аулыныа кіреберіс тас жолының орташа жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Биыл Тереңкөл ауылдарында 24 көшеге асфальт төселді. Бұл Воскресенка, Тереңкөл, Трофимовка, Федоровка, Фрументьевка, Береговое, Жаңабет және Калиновка елді мекендері.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру мақсатында Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы Павлодар филиалының мамандары 30 рет аралап, 64 сынама алды. Сондай-ақ, тексеру барысында ақаулар анықталды.
– Барлық үлгілер біздің жол зертханасында тексерілді. Нәтижесінде оның алтауы талапқа сай келмеген. Біздің мамандардың ұсыныстарына сүйене отырып, мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен барлық бұзушылықтарды жойды, – деп түсіндірді филиал инженері Қуанышбек Рахманбердиев.
Биыл жалпы ұзындығы 258 шақырымды құрайтын 13,2 миллиард теңгеге 38 өңірлік жоба жүзеге асырылуда. Сапа орталығының филиалы аудандық және ауыл жолдарына 146 рет тексеріс жүргізу үшін шығу жүргізіп, 485 жол құрылыс материалын жинап, 459 сынама алып, зерттеді. Оның ішінде 22 сынама стандарт талаптарына сәйкес келмеді. Бұрын анықталған ақаулар бойынша барлығы 4 550 шаршы метр жабу қайта салынды.