Павлодар облысы жылыту маусымына қаншалықты дайын?

Үш қалада жүргізілген гидравликалық сынақтардың нәтижесінде 295 ақау анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жылу беру маусымына дайындық барысы туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналысында талқыланды. Алдымен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов есеп берді. Оның сөзінше, жылу беру жүйесіне 35,7 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл қаражаттың есебінен 46 жабдыққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 31 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды.
— ERG құрылтайшылары тарапынан жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарын кеңейтуге қосымша қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы ЖЭО-1 нысанына биылғы жылы шамамен 5,3 миллиард теңге бағытталып, бұл негізгі және қосалқы жабдықтарға жөндеу көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді, — деп пайымдады Ержан Иманзайып.
Білім беру саласындағы 566 нысанның 563-і, яғни 99 пайызы дайын. Денсаулық сақтау мекемелерінің 305-нің 286-сы немесе 94 пайызы жылыту маусымына әзір. 394 автономды қазандықтың 389-ы толықтай дайындалды. Көпқабатты тұрғын үйлердің 99 пайызы дайын.
— Павлодар қаласында 1308 үйдің 1268-і, Екібастұзда 705 үйдің 635-і дайын болса, Ақсу қаласы мен аудандарда барлық тұрғын үйлер толықтай әзір, – деді басқарма басшысы.
Облыстың үш қаласында жүргізілген гидравликалық сынақтардың нәтижесінде 295 ақау анықталды. Қазіргі уақытта олардың 269-ы жойылып, қалған 26 ақауды 2 қыркүйекке дейін толық жою жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар жылыту маусымы толық басталғанға дейін толық көлемде жалғасатын болады.
— Жылыту маусымы 15-20 қыркүйекте басталады. Қыркүйектің басында біздің жүйелеріміз толықтай дайын болу керек. Жалпы бұл тақырып бойынша осы жылы біз бес мәжіліс отырысын өткізген едік, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Облыс басшысы сондай-ақ көмір жағдайының мәселесі бойынша да есеп қабылдады. Қазір өңір бойынша тасымалдау жұмыстары жүз пайыз орындалып жатыр.
Кейін сөз кезегі қала әкімі Хасар Хабылбековке берілді. Өз сөзінде қала басшысы үйлерді ыстық сумен толық қамту кезеңін баяндады.
— Қазір 30 үйде ыстық су жоқ. Ақауларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 28 тамызға дейін қаланың барлық үйі ыстық сумен қамтылады, — деді қала әкімі.
Ал Екібастұзда 15 үй ыстық сумен аптаның аяғына дейін қамтылады. Ақсу қаласында барлық жұмыстар осы жұманың соңына дейін тәмамдалады.
Жиын аяғында аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне жұмыстарды толығымен 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.