Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды
Аймақ басшысы Асайын Байханов Серік Батырғожиновты облыс активіне таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Серік Батырғожинов облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
Серік Батырғожинов 1964 жылы Ертіс ауданында дүниеге келген. 1990 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия» мамандығы бойынша, ал, 2004 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Экономика және бизнес магистрі. Әр жылдары Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Баянауыл аудандарының әкімі қызметтерін атқарды.
2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Сонымен қатар, Дәурен Жамбайбек облыс әкімінің жаңа орынбасары қызметіне кірісті.
Дәурен Жамбайбек 1981 жылы туған. Ол ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі, экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму министрліктерінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік даму департаментінің директоры болып жұмыс істеді.
Асайын Байханов орынбасарларының міндеттері мен жетекшілік ететін бағыттарын қайта қарастырды.
Серік Батырғожинов өңірлік құрылыс, энергетика және ТҮКШ, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, азаматтық қорғау, жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары, ауылшаруашылығы, ветеринариялық медицина және дене шынықтыру мен спорт салаларына жетекшілік ететін болады.
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова білім беру, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына жетекшілік етеді.
Ал Дәурен Жамбайбек қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары және цифрлық технологиялар басқармаларының қызметіне жауапты болады.
Аппарат басшысы Дидар Ибраев ақпарат және қоғамдық даму, дін және еңбек істері басқармаларының жұмысына жетекшілік етеді.
Асайын Байханов тағайындалған орынбасарларға жаңа қызметте сәттілік және жемісті жұмыс тіледі. Кәсіби тәжірибе мен білімнің өңірдің тұрақты дамуына бағытталуы тиіс екенін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Фото: Есенжол Исабек