Павлодар облысындағы ең жас ардагер 95-те
Ал ең үлкен екі ардагер 100-ге толмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлімдеді.
– Бүгінгі таңда аймақта 12 соғыс ардагері тұрады. Олардың ішінде ең жасы үлкен екі ардагер биыл 100 жасқа келеді. Бұл – Мария Смернова мен Мария Курбатова. Ал ардагерлердің ең жасы Николай Андреевич 7 мамыр күні 95 жасқа толады, – дейді Альмира Дисюпова.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, 6 мамыр күні Павлодар қаласының шығармашылық ұжымдары соғыс ардагерлерінің аулаларында концерттік бағдарламалар ұйымдастырады.
9 мамыр – Жеңіс күніне орай облыс бойынша 370-тен астам мәдени іс-шара жоспарланған. 9 мамыр күні Әскери даңқ музейінің алдында Жеңіс күніне арналған театралдық қойылым көрсетіледі.
– Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Ұлы Отан соғысы қатысушыларына «Бейбіт күнге мың алғыс» алғыс айту акциясы өткізіледі. Жеңіс күні қала мен аудандарда Даңқ монументіне 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіледі, – деді Медет Тауасқан.
Естеріңізге сала кетейік, Жеңіс күні қарсаңында ардагерлердің шоттарына 2 миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, сондай-ақ 34 500 теңге сомасына азық-түлік жиынтығы табысталады.
Мақсат Көлтайұлы