Павлодар облысында Қызыл кітапқа енген жаралы дала қыраны құтқарылды

Павлодар облысында Қызыл кітапқа енген жаралы дала қыраны құтқарылды
Фото: pixabay.com

Орманшылар Қызыл кітапқа енген жаралы құсты құтқарып қалды. Дала қыраны Екібастұз қаласынан 20 шақырым жерден табылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қыранның жарақаттанғаны туралы орманшыларға екібастұздық тұрғын хабарлаған. Ол Майқайың кентіне қарай жүретін бағыттағы далалық жерден жараланған құсты көргенін айтқан.

– Хабарлама түскен соң Павлодар орманшылығының қызметкерлері оқиға орнына жедел жеткен. Олар жаралы құстың Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген дала қыраны екенін анықтады. Құстың қанатына зақым келген, – дейді Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.

Құсты қауіпсіз жерге жеткізген орманшылар оны ветеринарлық дәрігерлерге көрсеткен. Мамандардың тексеруінен кейін бүркіт тұқымдас дала қыраны Павлодар ауылындағы арнайы орынға уақытша орналастырылады.