Павлодар облысында қос азаматтықтың жиырма жеті фактісі анықталды
Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 40 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көші-қон қызметінің мамандары мемлекеттік органдармен бірлесіп, қос азаматтық фактілерін анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.
Қазақстан заңнамасына сәйкес қос азаматтыққа жол берілмейді. Қазақстан азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған жағдайда оның ҚР азаматтығы сақталмайды.
– Ағымдағы жылдың басынан бері Павлодар облысында 398 азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту фактісі тіркелді. Көші-қон заңнамасын әртүрлі бұзғаны үшін 40 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың жетеуі Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды, – деді Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменко.
Мәселен, 1990 жылы туған әйел 2015 жылдан бері Ресей Федерациясының азаматы бола тұра, бұл туралы полицияға хабарламаған.
Тағы бір жағдайда 1989 жылы туған әйел 2026 жылы Ресей азаматтығын алғанына қарамастан, мемлекеттік шекараны Қазақстан паспортымен кесіп өткен.
Екі әйел де Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл құқық бұзушылық үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе ел аумағынан шығарып жіберу жазасы қарастырылған.
– Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан адамдардың Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдаланғаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, – деп түсіндірді Александр Кузьменко.
Полиция азаматтық мәселелеріне қатысты заңнама талаптарын сақтап, басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда тиісті органдарға уақытылы хабарлау қажеттігін ескертеді.