Павлодар облысында ұрпақ тәрбиесі мәселесі талқыланды

Павлодар облысында ұрпақ тәрбиесі мәселесі талқыланды
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Іс-шараға 400-ден астам педагог қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында облыстық білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі директорларының орынбасарларына арналған «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты облыстық кездесу өтті. 

Модератор ретінде облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова алғы сөз сөйлеп, «Бала тәрбиесі – ел болашағы» жайлы тілге тиек етті.

– Бұл жиынды қыркүйек айынан жоспарлаған едік. Балалардың мүдделерін қорғау, құқықтарын қорғау мемлекетіміздің саясатының басты бағыттарының бірі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында балалардың мәселесі, білімнің сапасы жөнінде, балалардың қолайлы жағдайда білім алу туралы, балалардың құқықтарын, мәселелерін қатаң бақылауға алуды үкіметке, атқарушы органдарға тапсырып отырады, – деп атап өтті Айзада Құрманова. 

Бірінші оқу жартыжылдығындағы тәрбие жұмысының нәтижелері туралы білім беру  басқармасының басшысы Самал Айтқазина баяндама жасады. 

– Облыста Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдың қыркүйегінде бекіткен бірыңғай тәрбие бағдарламасын табысты іске асыру үшін қажетті барлық ресурс бар, – деді Самал Айтқазина.

Облыстың білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысына егжей-тегжейлі талдауды білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова дайындады.

Пленарлық бөлім аясында «Тәрбие алаңы» жобалық кеңсесінің психологы Ирина Карпова «Облыстың оқу орындарының психологиялық қызметтерінің қызметін үйлестіру» атты баяндамасымен сөз сөйледі.

Павлодар облысы ата-аналар Альянсының төрағасы Данара Шоқаева өскелең ұрпақ үшін қолайлы орта құрудағы Альянстың негізгі міндеттері мен рөлі туралы айтып берді.

Айта кету керек, бұл альянс ата-аналардың білім беру ұйымдарымен байланысын нығайтуға бағытталған.  

–   Бүгінгі таңда мектеп алдында үлкен міндеттер тұр, бірақ біздің еліміздің бүкіл білім беру жүйесінің басты басымдығы – жеке тұлғаны қалыптастыру. Қазіргі қазақстандық мектептің басты міндеті –  жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде азаматты тәрбиелеу. Тәрбие жұмысында үйлестіруші орталық директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының бейнесі болып табылады, –  деп атап өтті Айзада Құрманова.

Іс-шара секциялық отырыстармен аяқталды, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары ең өзекті мәселелерді талқылады: педагог пен ата-ана арасындағы жанжалдардың туындауының,  есірткі құралдарын қолдану мен таратудың алдын алу, саналы ата-ана болу, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде  отбасылық  құндылықтар мен дәстүрлер жүйесін қолдану, қосымша білім беруде әдістемелік қызметті ұйымдастыру және педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысы.