Павлодар облысында ұялы байланыс жақсарады

Тіпті жолда да интернет қолжетімді болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында екі негізгі бағыт жүзеге асырылуда: талшықты-оптикалық байланыс желісі мен антенналық діңгектердің құрылысы.
Бірінші жоба бойынша 2027 жылдың соңына дейін Павлодар облысындағы 204 ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша интернет жылдамдығы 50-ден 500 Мбит секундына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Ал, антенналық діңгек құрылымдарын салу жол инфрақұрылымының бұрын нашар болған аумақтарында тұрақты ұялы байланыс пен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Антенналар облыстық пен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында және Ресеймен шекарада 12 дана көлемінде орнатылады.
– Бүгінгі таңда тоғыз антенналық діңгек құрылымдары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бюджеттік өтінімдер берілді. Қалған үш құрылымның жоспары мемлекеттік сараптамадан өтуде, – деп толықтырды облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.
Жоба республикалық бюджеттен қаржы бөлу арқылы жүзеге асырылады.
Әрбір антенналық діңгек құрылымы барлық ұялы байланыс операторларының, яғни Beeline, Kcell, Tele2 және Altel жабдықтарын орналастыру үшін қамтамасыз етіледі. Бұл бұрын сигналы жоқ немесе байланыс сапасы нашар аймақтар болған жол инфрақұрылымы бойында тұрақты мобильді қамтуды және жоғары жылдамдықты интернетті қамтиды.
Сонымен қатар, жобада елу адамға дейін халқы бар шағын ауылдық елді мекендерді интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету қарастырылға. Мұндай ауылдарда жергілікті тұрғындарға негізгі цифрлық қызметтерді – білім беру және мемлекеттік ресурстарға, мессенджерлерге және басқа да әлеуметтік ақпараттарға қолжетімділікті пайдалануға мүмкіндік беретін KAZSAT спутниктік технологиясы негізінде қоғамдық Wi-Fi орнату жоспарлануда.