Павлодар облысында өңірдің үздік журналистері марапатталды
Облыс әкімдігінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіби мереке аясында өңірдің медиа саласының үздік өкілдері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Сонымен қатар, облыс тарихында алғаш рет екі БАҚ қызметкеріне жаңа пәтердің кілті табысталды.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Асайын Байханов қазіргі қоғамдағы журналистиканың айрықша маңызын атап өтіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдары – ұлттың үні, қоғамның айнасы, ал журналистика – халық пен мемлекетті жалғайтын алтын көпір екені туралы сөзін еске салды.
– Жасанды интеллект пен цифрлық платформалар қарқынды дамып жатқан кезеңде сапалы журналистикаға деген сұраныс бұрынғыдан да арта түсуде. Сіздер еліміздің тыныс-тіршілігін объективті түрде көрсетіп келесіздер. Бүгінгі күннің тарихын жазып, заман шежіресін жасап жатырсыздар. Осы аса маңызды еңбектеріңіз үшін әрқайсыңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді өңір басшысы.
Асайын Байханов павлодарлық журналистика еліміздегі ең мықтылардың бірі саналатынын атап өтті. Сондай-ақ, өңір журналистерінің еңбегі жоғары мемлекеттік деңгейде бағаланып отырғанын ерекше мақтанышпен жеткізді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Екібастұз қаласындағы «Отарқа» газетінің редактор орынбасары Жассерік Сәдуақасов «Құрмет» орденімен марапатталса, қазақстандық журналистиканың ардагері Ғалия Балтабайға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Салтанатты рәсімнің ең маңызды сәттерінің бірі - жаңа пәтерлердің кілтін табыстау болды. Мемлекет басшысының бастамасымен Павлодар облысында алғаш рет өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жеке баспанамен қамтамасыз етілді. Пәтер кілттеріне облыстық «Saryarqa samaly» газетінің дизайнер-беттеушісі Маржан Шекенова мен «Хабар24.kz» агенттігінің меншікті тілшісі Валентина Леонова ие болды. Бұл - бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдау шарасының өңірде алғаш рет жүзеге асырылуы.
Салтанатты рәсім барысында облыстың медиа саласының үздік өкілдері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Аяғанов марапатталды. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Нұрлан Жанарбаевқа, Айнұр Мейрамоваға, Николай Меркуловке, Татьяна Сартаковаға, Перизат Әмірқұловаға және Айгүл Алинаға табысталды.

Гүлнаш Әбішоваға «Еңбек ардагері» төсбелгісі берілді. Валерий Бугаевқа, Айдана Айтуғановаға, Нұржайна Шодырға және Владимир Чубенкоға «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды.
Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен Гүлсім Көбжанова мен Галина Марченко марапатталды.

Министрліктің Алғыс хаттары Андрей Фисенко мен Ольга Бугаеваға табысталды.