Павлодарлық тұрғын өз пәтерінде ойын бизнесін ұйымдастырған

Бұл іс-әрекеті үшін ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 1-ші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбеков өңірде заңсыз ойын кәсібін ұйымдастыру бойынша төрт жағдай әшкереленгенін мәлім етті.
– Павлодар қаласының тұрғыны өз пәтерінде ойын бизнесін ұйымдастырған. Пәтерден 37 ойын мониторы, 14 процессор, 45 ұялы телефон, екі флеш-диск, жеті ноутбук, алты қатты диск, «Покер» үстел ойыны, бес мың ресей рублі және 700 мың теңге тәркіленді. Ол адамдарды жұмысқа қабылдап, тәулік бойы жұмыс істеген. Әрбір сегіз сағат сайын ауысып отырған. Тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті кінәлі деп танылып, сотқа жіберілді. Қазір сот үкімін күтудеміз, – деді Жоламан Қиналбеков.
Сонымен қатар, заңсыз лотерея ойындары бойынша Павлодарда – екі, Екібастұз қаласында бір факті анықталған. Лото ойыны бойынша екі фактіде әйел адамдар үйде отырып ойын ұйымдастырған.
– Біз өзіміз ол ойынға кіріп, қалай ойналатынын көрдік. Ол кісілер уақыттарын белгілейді, шамамен ертең сағат он екіде ойын басталады деп чаттарға жібереді. Кірген кісілер мың теңге, он мың теңге, жиырма мың теңге көлемінде ақша тігеді. Қанша теңге тігілетінін әр ойында ұйымдастырушылар өздері айтып, белгілеп отырады. Мысалы, сол бес мың теңгенің ішінде екі-үшеуі ғана ұтысқа ілінеді. Бүгінгі таңда заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді спикер.
Айта кетерлігі, өткен жылы республика бойынша құмар ойын бизнесіне қарсы күрес аясында заңсыз құмар ойындардың 73 фактісі анықталған. 75 заңсыз мекеме, покер үстелдері мен терминалдар жойылып, алдын алу шарасы ретінде 11 700 сайт пен аккаунт бұғатталған. Оған қоса, 85 әкімшілік хаттама толтырылып, 19 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Тәркіленген ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 276 миллион теңгеден асты.
Еске сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» елеулі өзгерістерге ұшырады. Бұл түзетулер заңсыз құмар ойындарға қарсы күресті күшейтуге бағытталған.