Павлодар облысында өндірілген материалды әлемдік мұнай алпауыттары сатып алады
Өңірде техногендік қалдықтарды қайта өңдеп, оларды жоғары сұранысқа ие өнеркәсіптік өнімге айналдыратын бірегей кәсіпорын жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«КазЦеносферес» ЖШС көмір жағу кезінде пайда болатын зола қалдықтарының жеңіл фракциясын өңдеп, құрылыс пен мұнай-газ саласына қажетті өнім шығарады.
Кәсіпорын директоры Асфендияр Кенжебаевтың айтуынша, өндіріс тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге де өз үлесін қосуда.

– Біз көмірді жылу электр станцияларында жағу кезінде пайда болатын зола қалдықтарының жеңіл фракциясын қайта өңдейміз. Осы арқылы техногендік қалдықтарды кәдеге жаратып, оларды құнды өнеркәсіптік материалға айналдырамыз. Бұл экология үшін де, экономика үшін де тиімді шешім, – дейді кәсіпорын басшысы.
Өндірілген өнімнің басты ерекшелігі – оның жеңілдігі, жылу оқшаулау қасиеті және жоғары температураға төзімділігі. Сондықтан материал құрылыс индустриясында кеңінен қолданылады. Оны бояу, құрғақ құрылыс қоспалары мен сылақ өндірушілері пайдаланады.
Павлодарда өндірілген өнімге халықаралық нарықта да сұраныс жоғары. Кәсіпорын өнімінің шамамен 98 пайызы экспортқа шығарылады. Негізгі тұтынушылар қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және Еуропа елдері бар. Ал жақын арада Панамаға да алғашқы партия жөнелтілмек.

– Компанияның клиенттері арасында әлемдегі ең ірі мұнай-сервистік ұйымдардың бірі саналатын Schlumberger мен Halliburton да бар. Олар біздің өнімді жеңіл тампонаждық ерітінділерді дайындау кезінде қолданады. Мұндай материалдар мұнай және газ ұңғымаларын игеру барысында кеңінен пайдаланылады, – дейді Асфендияр Кенжебаев.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 12 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта өнім желісінде 12 түрлі өнім бар. Бір тонна шикізаттан өңдеу технологиясына байланысты 100 келіден 900 келіге дейін дайын өнім алынады.
Шикізат Павлодар облысындағы ірі энергетикалық кәсіпорындардан жеткізіледі. Олардың қатарында Ақсу электр станциясы, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 бар.
Зауыт 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде кәсіпорын шамамен 50 мың тонна зола қалдығын қайта өңдеген.
– Өндіріс процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен шикізат кептіріледі, кейін арнайы технология арқылы фракцияларға бөлінеді. Әрі қарай тұтынушылардың талаптарына сай өңделіп, дайын өнім ретінде қапталып жөнелтіледі, – дейді спикер.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – қалдықсыз технологияны қолдануы. Өндіріс барысында бөлінетін барлық фракциялар сұранысқа ие. Ірі бөлшектер цемент өндірісінде пайдаланылса, ұсақ бөлшектер бояу және құрылыс материалдарын жасауға жұмсалады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 35 адам еңбек етеді. Компания өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Басшылықтың айтуынша, сатылым көлемі артқан сайын жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу көзделген.