Павлодар облысында өрт сөндірушілер тактикалық дайындықтан өтті
Жаттығулар Тереңкөл ауданындағы өрт сөндіру бекеттерінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің айтуынша, оқу-жаттығулар бөлімшелердің өзара әрекеттесуін күшейту және өрт сөндіру тактикасын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Тереңкөл ауданы төтенше жағдайлар бекетінің сегіз өрт сөндіру бөлімінде өткен сабақтар барысында өрт сөндірушілер шартты төтенше жағдайға ақпарат беруді, күш пен құралдарды дұрыс орналастыруды, сондай-ақ өртті сөндіру кезіндегі тактикалық әдістерді нақты жаттықтырды.
Бұл оқу-жаттығуларға Байқоңыр, Жаңабет, Песчаный, Алтай, Қоржынкөл, Томарлы және Октябрьское ауылдарындағы жеті өртке қарсы бекеттің қызметкерлері қатысты.
Жаттығулар шынайы жағдайға барынша жақын форматта өтті. Мұндай дайындық өрт сөндірушілерге нақты төтенше жағдай туындағанда жылдам, үйлесімді және тиімді әрекет ете білуге көмектеседі.