Павлодар облысында «100 Еңбек жұлдызы» фестивалі басталды

Қатысушылар өз мамандығы туралы бейнеролик түсіріп, Instagram-ға жариялауы керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған фестивальге 35 жасқа дейінгі, жұмысшы мамандығы бар және өңірде тұратын жастар қатыса алады. Байқаудың мақсаты — еңбек адамдарының маңызын көрсету және кәсіби шеберлікті насихаттау.
Фестиваль екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең – бейнероликтер конкурсы, екінші кезең – комиссияның үздік қатысушыларды анықтауы және марапаттау рәсімі.
– Қатысушылар 40 секундтан 1 минутқа дейінгі бейнеролик түсіріп, өз мамандығы мен оның маңыздылығы туралы баяндап, еңбек қызметінің жарқын сәттерін көрсетуі керек. Бейнероликтер Instagram желісіне #100ЕңбекЖұлдызы2025 хэштегімен және @nvt_kz аккаунтын белгілеп жарияланады. Қатысу үшін профилі ашық болуы және @nvt_kz парақшасына жазылу міндетті. Сонымен бірге, анкета толтырып, оны WhatsApp арқылы +7 747 702 58 40 нөміріне жіберу қажет, – деді «New vision team» қоғамдық қорының баспасөз қызметі.
Өтінімде қатысушының толық аты-жөні, туған күні, байланыс телефоны, жұмыс орны мен лауазымы, еңбек өтілі, бейнеролик жарияланған әлеуметтік желі аккаунты мен жұмыстың атауы көрсетілуі тиіс.
– Бейнематериалдар AVI, MOV, MPEG немесе MP4 форматында, 1920x1080 немесе 1280x720 пиксель ажыратымдылығында болуы тиіс. Интернеттен алынған немесе авторлық құқық талаптарына сәйкес келмейтін материалдар қабылданбайды, – делінген хабарламада.
Өтінімдер 2025 жылғы 9 маусым мен 10 шілде аралығында қабылданады. Байқау қорытындысы бойынша үздік еңбек адамдарының есімдері анықталып, олардың жұмыстары @nvt_kz Instagram парақшасында жарияланады. Жеңімпаздар кәсіби деңгейі және еңбектегі үлгісімен ерекшеленеді.