Павлодар облысында 20 мыңға жуық адам жұмыс таппақ
2026 жылдың I тоқсаны бойынша жұмыспен қамту жағдайы мен өңірлік бағдарламалардың орындалуы талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Кадырова негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарларды таныстырды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 18 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті қойылған, оның 14 мыңы – тұрақты жұмыс орындары.
- Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 18 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамту міндеті тұр. Оның ішінде 14 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылуы қажет. Біз бірінші тоқсанда 4392 адамды жұмыспен қамтып, жоспарды кезең-кезеңімен орындап келеміз, - дейді спикер.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 4392 адам жұмыспен қамтылып, 2200 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, 1028 жаңа жұмыс орны құрылып, субсидияланатын жұмыс орындарымен 2168 адам қамтылды. Бос жұмыс орындары арқылы 1172 адам жұмысқа тұрды, бұл өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетіп отыр.
Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жаңа талаптар енгізілді. Енді жұмыс берушілерде салықтық берешек болмауы және штаттың 10 пайызынан аспайтын квота сақталуы тиіс. Бұл тұрақты жұмыспен қамтуды күшейтуге бағытталған маңызды қадам.