Павлодар облысында 200-ге жуық бастамашыл тұрғын қайтарымсыз грант алады

Бұл мүмкіндік бизнес жоспарын іске асыруға арналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Business.enbek.kz порталында 11 тамыздан бастап 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алуға өтінімдер қабылдау жүзеге асырылады. Павлодар облысы бойынша екінші лекте 186 адамға грант беру жоспарлануда.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылады. Оның мөлшері 400-АЕК-ті, яғни 1 572 800 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін қажет порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу, өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.