Павлодар облысында 60 мыңнан астам оқушы жүзуді үйренді

Олар бассейндерде жаттыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің қаулысымен биыл 47 ресми суға шомылу орны бекітілген, оның ішінде 27-сі коммуналдық, 20-сын жеке тұлғалар пайдаланады. Сонымен қатар, 128 жерде шомылуға тыйым салынған. Бұл шешімді облыстық мәслихат қабылдаған.
85 миллион теңгеден астам қаржы жағажайларды жарықтандыру мен ерікті құтқарушыларды дайындауға бөлінді. Қазіргі таңда 85 ерікті құтқарушы шомылу орындарында қызмет етіп жатыр. Олар жедел құтқару жасағымен бірлесе жұмыс істеп, алғашқы көмек көрсету әдістерін меңгерген.
– Облыстық білім басқармасының қарамағында 123 модульді бассейн жұмыс істейді. Жыл басынан бері 61 128 оқушы жүзуді үйренген, – деді Ерлан Қасымов.
Суға түсу маусымы басталмас бұрын Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығы шыққан. Онда су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нақты міндеттер жүктеліп, барлық мемлекеттік органдарға таратылған. Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдай департаменті, полиция, Ұлттық ұлан және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бірлесіп жұмыс істеуде.
Әмина Жеңіс