Екібастұзда биіктіктен құлап, мерт болған жұмысшының қызы Президентке үндеу жолдады
Ол қылмыстық істің екі ай ішінде бір орында жылжымай, тұрып қалғанына шағымдануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде «Богатырь транс» ЖШС-де қаза тапқан жұмысшының қызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған бейнеүндеуінде полицейлердің істі баяу жүргізіп жатқаны туралы айтқан.
– Облыстық еңбек басқармасының тергеу нәтижелері кәсіпорын тарапынан 100 пайыздық кінә болғанын көрсетті. 8 қаңтарда, әкем биіктен құлаған күні қылмыстық іс бірден қозғалған болатын, алайда екі ай өтіп кетсе де, ешқандай хабар жоқ. Үш куәгер оқиға орын алған күні сұралды, ал одан кейін 60 күн ішінде тек бір ғана куәгер сұралған,– деді марқұмның қызы Дина Мұқатаева.
Павлодар облысы еңбек басқармасында бұл оқиғада кәсіпорынның кінәсі толықтай болғанын растады. Басқарманың сөзінше, жұмысшы 8 қаңтарда баспалдақтан құлап, 11 қаңтарда ауруханада көз жұмды.
Облыстық полиция департаментінде абайсызда адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысы Павлодар облысы ПД бастығының ерекше бақылауында.
Еске сала кетейік, былтыр 8 қаңтарда «Богатырь транс» ЖШС-нен 54 жастағы ер адам биіктіктен құлаған болатын. Оған ауыр дәрежедегі мидың жабық жарақаты, мидың зақымдану диагноздары қойылған болатын.