Павлодар облысында 800-ге жуық мал иесі қараусыз мал үшін жауапқа тартылды

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция күн сайын рейдтер жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын қолға алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар – Қызылорда республикалық тас жолында жол жиегінде еркін жайылып жүрген ірі қара мал анықталды.
– Полиция қызметкерлері мал иелерін жедел анықтап, оларды мал жаю ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар, үй жануарларын қараусыз қалдыруға болмайтыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған 146 арнайы айыптұрақ жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл орындарға 5765 бас мал жеткізілген, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, учаскелік инспекторлар фермалар мен жайылым нүктелерін аралап, мал иелері мен бақташыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрғындарды мал жаю ережелерін сақтауға шақырады.