Павлодар облысында ақбөкендерді атқаны үшін 7 млн теңгеге дейін айыппұл салынады
Өңірде былтырғы жылға қарағанда ақбөкендердің саны екі есеге өскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Тулепбаев мәлім етті.
– Кейінгі бес жылда ақбөкендерді ату, тасымалдау фактілері орын алған жоқ. Былтырғы жылға қарағанда киіктің бұл түрлері 2 есеге көбейген, яғни, бүгінде саны 1 318 000 шамасында. Ал 2020 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көбейген, – деді Руслан Тулепбаев.
Сондай-ақ ол Экология министрлігімен киіктердің санын азайту мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
– Бірақ киіктерді атуға қатаң түрде тыйым салынған. Мұндай заңсыздықтар орын алған жағдайда 5-7 миллион теңге арасында айыппұл салынады. Сонымен қатар, 3-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді иснпекция басшысы.
Айта кетерлігі, сиреп бара жатқан жабайы тұяқты жануарлар мен киіктерді қорғау үшін «Охотзоопром ПО» РМКК Орталық аймақтық филиалы бес облыста қорғау шараларын жүзеге асырады. Нақтырақ айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Ұлытау облыстарында.
Мақсат Көлтайұлы