Павлодар облысында «А» гепатитін жұқтырғандар көбейді

Павлодар облысында «А» гепатитін жұқтырғандар көбейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталған дертті ластанған тағамдар мен суды тұтынған кезде жұқтыруы мүмкін, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев «А» вирустық гепатиті бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді. 

– Бүгінгі таңда Павлодар облысы халықтың тұрақты көші-қоны кезінде вирустық гепатиттердің таралуы мүмкін өңірлердің бірі болып табылады. Мәселен, бүгінгі күні облыста «А» вирустық гепатитінің 25 жағдайы тіркелді, яғни үш есе өсті. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде сегіз жағдай болған, –  деді Батырбек Әлиев.

Оның айтуынша, науқастардың негізгі контингентін 72% ересектер құрайды, жасөспірімдер арасында жеті жағдай тіркелген  – 28%.

Науқастардың басым бөлігі 18-39 жас аралығындағы ересектер, бірақ вакцина алмаған балалар «А» гепатитін жұқтыруға бейім болады. Қазақстан Республикасында жоспарлы вакцинация балаларға екі жастан бастап алты ай аралықпен екі рет жүргізіледі. Тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін салынады. 

Қазіргі уақытта «А» вирустық гепатитінің белең алуы байқалады, көптеген ішек инфекциялары сияқты «лас қол ауруы» деп атайды. 70-ші жылдардың басына дейін бұл ауру «Боткин», «инфекциялық сарғаю», «эпидемиялық гепатит» деп аталған.

Аурудың басталуын үйде анықтау қиын, өйткені көптеген ауруларға ұқсас әлсіздік, бас ауруы, шаршау, жүрек айнуы сияқты белгілер байқалады. Отбасында «А» гепатитінің таралуын болдырмау үшін науқас адамды аурудың бірінші күнінен бастап ертерек оқшаулау маңызды және қайнатылмаған суды тұтынбау керек, – деді Батырбек Әлиев.

Облыстық бас санитарлық дәрігері «А» гепатитімен күресудің негізгі тиімді әдістері  тазалық,  азық-түлік қауіпсіздігі және иммундау болып табылатынын еске салады.