Павлодар облысында ауылдық ҮЕҰ-ларға 600 мың теңгеге дейін грант беріледі

Павлодар облысында ауылдық ҮЕҰ-ларға 600 мың теңгеге дейін грант беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін шағын гранттар байқауы жарияланып, бес жеңімпаз анықталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Азаматтық альянсы ауылдық үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтарға арналған шағын гранттар байқауын жариялады. Байқау облыстық Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізіледі.

Байқаудың негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі жергілікті қауымдастықтардың бастамаларын қолдау, әлеуметтік мәселелерді шешуге тұрғындарды тарту және азаматтық белсенділікті арттыру.

Жалпы грант қоры – үш миллион теңге. Әр жобаға 600 мың теңгеден бөлініп, конкурс қорытындысы бойынша бес жеңімпаз анықталады.

Байқауға Павлодар облысының ауылдық елді мекендерінде жұмыс істейтін ҮЕҰ-лар мен кемінде үш адамнан (18 жастан жоғары) тұратын бастамашыл топтар қатыса алады. Сонымен қатар ҮЕҰ-лар 2024–2025 жылдарға арналған деректер базасына мәлімет тапсыруы тиіс.

Жобалар әлеуметтік бағытта болуы және ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың белсенділігін арттыруға бағытталуы қажет. Жобаларды іске асыру мерзімі: 2026 жылғы 20 сәуір мен 1 қараша аралығы.

Конкурстық комиссия жобаларды өзектілігі, мақсаттарының нақтылығы, жұмыс жоспары, бюджеті, тұрақтылығы және жергілікті қауымдастыққа тигізетін әсері бойынша бағалайды.

Өтінімдер 2026 жылғы 26 наурыздан 12 сәуір сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Қатысу үшін өтінімді Word форматында рәсімдеп, электрондық поштаға жолдау қажет. Қосымша ретінде презентация немесе бейнематериал тіркеуге болады.

Ұйымдастырушылар өтінімдердің құпиялылығына кепілдік беретінін және конкурс нәтижелері ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланатынын атап өтті.

Байқау ережелерімен толығырақ Азаматтық альянстың әлеуметтік желідегі парақшасында және ресми сайтында танысуға болады.