Павлодар облысында аусылға алынған сынамалар теріс нәтиже көрсетті

Павлодар облысында аусылға алынған сынамалар теріс нәтиже көрсетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл ауру өңірде тіркелмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта аусыл бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Бұған дейін бірқатар аудандарда ірі қара мал арасында аса қауіпті инфекцияларға ұқсас клиникалық белгілер тіркелген болатын. Диагнозды нақтылау мақсатында жануарлардан биологиялық сынамалар алынып, олар Астанадағы Ұлттық ветеринариялық референттік орталыққа жіберілген еді. Бұл зерттеулер везикулярлық стоматитті, жұқпалы ринотрахеитті (ИРТ), аусылдың құрылымдық емес ақуызын (НСБ), вирустық диареяны және блютангты жоққа шығару үшін жүргізілді. Барлық алынған сынамалар теріс нәтиже көрсетті.

Айта кетелік, 2026 жылы облысқа жоспарлы түрде аусылға қарсы 1 705 635 доза вакцина жеткізілді.