Павлодар облысында азаматтарды күзгі әскерге шақыру науқаны басталды
2024 жылдың көктемінде Қарулы Күштерге, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарға барлығы 628 азамат шақырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Бекзат Оразов мәлім етті.
– Биыл күзде Қарулы Күштерге, Ұлттық ұлан мемлекеттік күзет қызметіне, шекара және төтенше жағдай қызметіне 650 азаматты шақыру жоспарлануда, – деді Бекзат Оразов. – Әскерге шақыру мерзімі 1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін жалғасады, жұмыстар басталды.
7 қыркүйектен бастап павлодарлық азаматтар шекара қызметіне жіберіледі. Соңғы жіберетін әсери құрылым Ұлттық ұлан болып табылады.
– Барлық балалар медициналық тексерістен өтеді. Қай жерде есепте тұрғаны, ауырғаны, қай уақытқа дейін емделгені белгілі болады. Содан кейін психологтың тексерісінен өтеді. Шекара қызметіне кететіндер азаматтар полиграфиялық тексерістен де өтуі қажет, – деді спикер.
Мерзімді әскери қызметке он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, шақырудан кейінге қалдырылуға немесе босатылуға мүмкіндігі жоқ азаматтар жатады. Заңның 30-бабына сәйкес әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар шақыру қағазы немесе SMS хабарландыру бойынша жергілікті әскери басқару органдарының шақыру комиссияларына келулері керек.
– Әскердегі түсінбеушілікті анықтау үшін құзырет органдары бар. Әр әскери бөлімге бір офицерден бөлінеді. Ғимарат ішінде бар бейнекамераларды күніне екі рет тексереді. Ал ұрып-соғу фактілерін болдырмау мақсатында таңертең, түскі астан кейін, кешке сарбаздардың денесін қарайды,– деді Бекзат Оразов.
Айта кетйік, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырудан жалтару – 1000 АЕК дейінге мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады.