Павлодар облысында бас прокурор ауысты

Мемлекет басшысының келісімі бойынша бірқатар аумақтық прокурорлардың ротациясы жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Олардың арасында Павлодар облысының бас прокуроры да бар. Жаңадан тағайындалған Алмат Байшолақов бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының прокуроры болып жұмыс істеді.
Ол 1975 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Алматы қаласының Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастады.
Әр жылдары Алматы облысы Іле ауданының, Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратураларын, Алматы қаласы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық салада, қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау басқармаларын басқарды. Оңтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласы прокурорының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Департаменттерін басқарды.
Соңғы екі жылда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп Бөлімінің Меңгерушісі қызметін атқарды. Прокуратура органдарындағы өтілі – 20 жылдан астам. Сыныптық шені – 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.
Ал Павлодар облысының бұрынғы бас прокуроры Бас көлік прокуроры ретінде тағайындалды.