Ақсуда шаруа қожалық жер учаскелерінен айырылуы мүмкін
14 миллиард теңгелік маңызды жобаны жүзеге аспай қалу қаупі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, «Кронос-Павлодар» ЖШС жер қатынастары саласындағы ең күшті әкімшілік кедергілерге тап болды. Осыған байланысты компания жер учаскелерінен айырылып, маңызды жобаны жүзеге асыруды тоқтатуы мүмкін.
Аталған мәселе Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының инвестициялық жобаларын сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис отырысында талқыланды. Кездесудің модераторы Ақсу қаласының прокуроры Алмаз Амангелдинов болды.
Отырысқа Ақсу әкімі Нұрлан Дүйсенбинов, «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Жомарт Сембаев, «Кронос-Павлодар» ЖШС басшылық құрамы, компанияның және бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кәсіпорын 1893 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу бойынша инвесторлардың жалпыұлттық пулында тіркелген. Инвестициялардың жалпы сомасы 14 миллиард теңгені құрауы тиіс. Жоба 150 жұмыс орнын құруға әкеледі.
– Қатысушылардың пікірлерін тыңдап шықтық, сондай-ақ қайтарылуға жататын жер учаскелерінің орнына жер учаскелерін алмастыруға тыйым салатын заңның тікелей императивті нормалары жоқ. Осыған байланысты жер ресурстарын басқару департаментіне медиативтік келісім жасасу жөнінде негізделген шешім қабылдауды қарауды ұсынамыз, – деді прокурор Алмаз Амангелдинов.
Ақсу әкімдігіне медиативтік қорытынды жасау жөнінде оң шешім қабылданған жағдайда қаланың қадағалау органы елді мекеннің шекарасын өзгерту мәселесін талқылау үшін жер дауы өрбіген Ребровка және Қаракөл ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізуді ұсынды.
Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов «Кронос-Павлодар» ЖШ мәселесі өз алаңдарында бірнеше рет талқылағанын атап өтті. Ол бірнеше жылдан бері мәселесін шеше алмай жүрген инвестордың мүмкіндігінше тезірек және ең аз шығынмен қазіргі жағдайдан шығуы маңызды екеніне тоқталды.