Павлодар облысында дауыл салдарынан электр желілерінде ондаған ақау тіркелді
Энергетиктер күшейтілген режимде жұмыс істеп, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы екі тәулік бойы өңірде соққан қатты жел электр желілерінде жаңа ақаулардың пайда болуына себеп болған.
10–11 наурыз аралығында өңірдегі электр желілерінде 118 ажырату тіркелді. Барлық ақауларды «Павлодар электржелістік тарату компаниясы» АҚ қызметкерлері жөндеп, тұрғындарды қайта электрмен жабдықтауға қосты.
12 наурызда аймақтағы желілерде тағы 40 ақау анықталып, оның 19-ы жойылды.
– Қазіргі уақытта жөндеу-қалпына келтіру бригадалары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Энергетиктер тұтынушыларды электрмен қамтамасыз ету үшін мүмкін болған жерлерде резервтік қуат көздеріне ауыстырып қосуда, – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, апаттарды жедел жою жұмыстары көрінімнің төмендігі және төтенше жағдайлар қызметінің кей бағыттарда техника қозғалысына енгізген шектеулеріне байланысты қиындап отыр.
Қазіргі уақытта авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына 26 бригада, 77 маман және 24 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.