Павлодар облысында дауыл салдарынан бірқатар ауыл жарықсыз қалды
Ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірде 40-қа жуық елді мекен электр қуатынсыз қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 8 ақпаннан 9 ақпанға қараған түні ауа райының қолайсыздығына байланысты, дауылды желдің салдарынан (екпіні 28 м/с дейін) аймақтағы 38 ауылдық елді мекенде (~4276 абонент) электр энергиясының ішінара өшуі тіркелді.
Сонымен қатар, дауылды желдің салдарынан Павлодар қаласының ауылдық аймағындағы Жетекші ауылындағы ЖОМ-тің шатыры ішінара зақымдалды. Ауданы 30 шаршы метрді құрайды.
- 9 ақпан күні, сағат 14.00-дегі жағдай бойынша электр қуаты өңірдегі 25 ауылдық елді мекенде қалпына келтірілді. 13 ауылдық елді мекенде (~1553 абонент) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл облыстың 5 ауданына қарасты ауылдарда (Баянауыл, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты), сондай-ақ, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Береке ауылында тіркелді, - делінген хабарламада.
Орын алған апаттық ақауларды жоюға 47 авариялық бригада жұмылдырылды. Жұмыстарға 137 адам және 46 бірлік техника тартылды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.