Павлодар облысында екі күнде төрт баланы көлік қағып кетті
Ақ халаттылар жүргізушілерді жолда жылдамдықты төмендетіп, барынша сақ болуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы екі тәулік ішінде медицина қызметкерлері балаларды көлік қағып кеткен төрт жол-көлік оқиғасына шақырту бойынша барған.
31 тамыз күні 103 қызметі кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған үш жол-көлік оқиғасына медициналық көмек көрсетті.
Павлодар қаласында академик Сәтбаев көшесіндегі үйдің ауласында автокөлік сегіз жастағы баланы қағып кеткен. Бала сол жақ аяғынан жарақат алып, балалар облыстық ауруханасының травматология пунктіне жеткізілді.
Екібастұз қаласында небәрі жарты сағат аралықпен екі бала көлік қағуынан зардап шекті. Тоғыз жастағы бала аяғының басынан сырылып жарақат алса, сегіз жастағы балаға аяғында жабық сыну диагнозы қойылған. Екі бала да Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
1 қыркүйек күні Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетов көшесінде тағы бір баланы автокөлік қағып кеткен. 2013 жылы туған жасөспірім түрлі дене жарақаттарын алған. Медицина қызметкерлері оны облыстық балалар ауруханасына жеткізді.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, оқу жылының басталуымен қала көшелерінде балалардың қозғалысы айтарлықтай артады.
— Олардың көпшілігі жазғы демалыстан кейін қаладағы қозғалыс тәртібіне әлі толық бейімделіп үлгерген жоқ. Осыған байланысты жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе мектептер, балалар ойын алаңдары мен аулалардың маңында жылдамдықты төмендетуге шақырамыз. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдында көлік жылдамдығын азайту қажет, – деді Ирина Мищенко.
Мамандар ата-аналарға да балаларға жолдан қауіпсіз өту ережелерін тағы бір рет түсіндіруді ұсынады. Жолдағы қарапайым сақтық пен жүргізушінің мұқияттылығы баланы жарақаттан қорғап, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.