Павлодар облысында екі кәсіпорынға экологиялық заңбұзушылық үшін айыппұл салынды

Павлодар облысында екі кәсіпорынға экологиялық заңбұзушылық үшін айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Energy Solutions Center» және «Полигон ЭК» кәсіпорындарында қоршаған ортаны қорғау талаптарының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық экология департаменті «Energy Solutions Center» ЖШС-не жүргізген жоспарлы тексеру кезінде атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындылары белгіленген нормативтен асып кеткені белгілі болды. Сонымен қатар, шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істемейтіні және газтазарту жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізілгенін растайтын құжаттар болмағаны анықталды.

– Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, оны орындау мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірге дейін белгіленді. Компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ экология департаменті «Полигон ЭК» ЖШС-не де жоспарлы тексеру жүргізді. Нәтижесінде кәсіпорында қоршаған ортаға шығарындылар бойынша мониторинг жүргізілмегені, ал полигон аумағында автокөлік қозғалысы кезінде пайда болатын шаң шығарындыларына есептеулер жасалмағаны анықталды. Бұдан бөлек, бұл шығарындылар көзіне экологиялық рұқсаттың жоқ екені белгілі болды.

– Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, оны орындау мерзімі 2026 жылғы 1 мамырға дейін белгіленді. Кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 223 841 теңге айыппұл салынды, – делінген хабарламада.

Экология департаментінің мәліметінше, өңірде экологиялық заңнама талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.