Павлодар облысында екі тұрғын бұзау ұрлағаны үшін сотталды

Павлодар облысында екі тұрғын бұзау ұрлағаны үшін сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен аудандық соты мал ұрлығы фактісі бойынша ауданның екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот мәліметінше, сотталушылар 2026 жылдың сәуір айында Новопокровка ауылындағы «Г» ЖШС мал базасынан бұзау ұрлауға алдын ала келісіп алған.

– Түнгі уақытта олар база аумағына заңсыз кіріп, симментал тұқымды үш күндік екі бұзауды алып кеткен. Кейін малды Шарбақты ауданының тұрғынына сатып жіберген. Келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгені құрады, – делінген хабарламада.

Сот отырысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған ісіне өкінетіндерін айтты. Сондай-ақ келтірілген залалды толық өтеген.

Сот жаза тағайындау кезінде олардың шын жүректен өкінуін, зиянды өз еркімен өтеуін, бұрын сотталмағанын және жағымды мінездемесін ескерді.

Сот үкімімен екі тұрғын да кінәлі деп танылып, әрқайсысына бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оларға пробациялық бақылау белгіленді.

Қылмыс жасау кезінде пайдаланылған көлік мемлекет пайдасына тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.