Павлодар облысында Ekin-Patrol жүйесі арқылы жолдағы бақылау күшейтілді
Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған бақылау жүйелері кеңінен қолданылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Автоматтандырылған бақылау жүйесінің бірі – жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін Ekin-Patrol жүйесімен жабдықталған патрульдік автокөліктер.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүйе автоматты режимде жұмыс істейді және құқық бұзушылықтарды анықтау кезінде полиция қызметкерінің тікелей араласуын қажет етпейді.
Ekin-Patrol жол қозғалысы ережелерінің түрлі бұзушылықтарын тіркеп қана қоймай, көліктің мемлекеттік нөмірлік белгісін де автоматты түрде таниды. Бұдан кейін жүйе көлік құралын тиісті дерекқорлар арқылы тексеріп, оның берешегі, шектеулері немесе іздеуде бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді.
– Жыл басынан бері облыс аумағында Ekin-Patrol жүйесі орнатылған патрульдік автокөліктердің көмегімен 17 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Заманауи технологияларды пайдалану жолдағы бақылаудың тиімділігін арттырып, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті қабылданып жатқан шаралардың басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға, жылдамдық режимін сақтауға және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң орындауға шақырады.